Аңыз әңгімелер


     «Туған жердің тасы ыстық» деп білетін ата - бабаларымыз «Өз еліңдей ел болмас, өз жеріңдей жер болмас» деп бүгінгі және келер ұрпаққа кең байтақ жазиралы даланы алып жатқан Отанын сүйюді аманат етті. Аманатқа адал халықтың ғана қай салада болмасын өркені өспек. Ал қасиетті Отан ұғымының санаға құйылып, зердеге тоқылуы өзің өскен, кіндік қаның тамған жеріңнің, тұтас тарихын білуіңді міндеттейді.      
   
ВИДЕО: Хан Кене

Төре зираты
     Үміткер ауылына кіре берісте үш шақырымдай жерде, Ресейдің отаршыл саясатына қарсы 1837-1847 ж.ж. ұлт - азаттық көтерілісіне белсене қатынасқан Рүстем, Дастан, Көштай және Қонақбай аталарымыздың ұрпақтары жерленген.  Көтерілістің он жылдан астам уақытқа созылуы, Кенесары ханның қабілетті дипломат және пайымды саясатшыл қасиетіне де байланысты болғанын көрсетеді 
   Адольф Янушкевич Кенесарының ғажайып тұлғасына қайран болып, оны ХІХ ғасырдағы француз отаршылдарына қарсы алжир халқының азаттық күресінің көсемі Абд әл-Кадермен теңеген, ал ұлы саяхатшы П.П.Семенов-Тянь-Шанский «қырғыз даласының Митридаты» деп сипаттаған.

Кенесарының монологы 

Арыстан ем шапқан мен жасымда Айға,

Бар іздеңдер, табыңдар басым қайда‽!

Құр тұлыпқа мөңірет керегі не,

Басы жоқты кез келген басынбай ма‽!

 

Құлағым жоқ атымнан есім ауып,

Қан мйданда жүргенде кешіп анық,

Көзге шұқып жауларым жүру үшін,

Көрмеге әкеп қойған-ды кесіп алып.

 

Қалың жұртым, қазағым, қайран елім,

Құрбан етіп жолыңа байлап едім,

Қай сайында Қордайдың денем жатыр,

Қорға айналған Хан басым қайда менің‽!

 

Дұшпанымның төзе алмай азабына,

Болдым тұтқын, бауырдан жазалы да.

Алып берсем деп едім еркіндігін,

Бостандығын езілген қазағыма.

 

Сарыарқамның сидырмай аумағына,

Тасқа соғып, басымды тауға мына,

Қырғыз асып, Алатау нем бар еді,

Түстім барып құрған тор, ауларына.

 

Егемендік халқым-ау алғаныңда,

Бас, сүйегім көмусіз қалғаның ба‽!

Туған жердің қойнына тапсырыңдар,

Риза болсын десеңдер аруағым да!

Ержан Имаш



ВИДЕО: Хан Кене

Шаңтимес
Үміткер ауылынан жеті шақырым жерде, теңіз деңгеиінен тоғыз жүз метр биіктікте Шаңтимес тауы орналасқан. Ертедегі аңыздарға қарағанда осы таудың бөктеінрде бір бай тұрыпты. Байдың  жалғыз сүйікті қызы болған, сол қыз кенеттен сырқаттанып қайтыс болып, бейітіне шаң тимесін деп таудың басына жерлеген. Сондықтан ол тауды Шаңтимес атап кетіпті-мыс.


Кім сені «Шаңтимес» деп атады екен,
Шаң шықпас жел қақсада етегіңнен,
Пирамида секілді көрінесің,
Гизадағы арабтар мақтан еткен.

Білеміз, тау емессің шың атанар,      Барады қыраттарға қырат еріп,
Көкжиек кетіпті ғой иірленіп.           Басыңда мәңгі бақи жатпас мұздар.
Беліңді тартып алып арқан-жолмен, Бірақта, сырласасың көк аспанмен,
Тұрасың жолаушыға жол көрсетіп. Төбеңнен айналғанда ауыр бұлттар.

                                                     Бейбіт Ашкенов.

Қантас



    Еліміздің тау-тас белгілері жайлы, ел аузынан ағыл-тегіл жыр да сыр да ағытылады. Үміткер ауылының сыртында небір қол бастаған батырлар шайқасқан жерлер «Қан Қашты», «Қантас» жоталары орналасқан. Он сегізінші ғасырда «тұрымтай тұсына, балапан басына» дейтін заман өтті. «қой үстіне боз торғай жұмыртқалайды»  деп алданып келген ұранды жылдарымыз, бір сәтте дүрбелеңге ұшырап халық басына зобалаң жылдар болған дейді ел аузынан естіген қарияларымыз. Қазақтар мен қалмақтар жауласып, алас-күлес қырғын сойқандар ауылымыздын сыртында болғаны анық. Ұлан байтақ жерімізге дауласып, адам қаны суша ағып, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен жан алысып, жан берісіп шайқасқа түскен. Содан кейін тау-тастар қызыл боялып «Қантас» аталып кеткен көрінеді. «Қан  Қашты» аталу себебі  осы жоталардан жоңғар ханы қазақ сарбаздарынан қашып бойтасалаған екен.    

Бір төбенің етегіне жабысқан,
Тас оба тұр, көрінеді алыстан.
«Хан қашты» деп аталады ертеден,
Біздің емес,
Қашқан шығар өзге хан...

«Қантас» дейді «Хан қаштыны» бүгінде,
Мүмкін бұрын аталды ма өзгеше?!
Аңыз түбі бір шындыққа апарар,
Біз естідік әркімнен бос әңгіме...

Не ойлаған, бабаларым кім білген,
Еріккеннен қазақ тасты үймеген.
«Хан қаштының» тастарындай
Қазақтың
Өткені ауыр, келешегі өзінен...

                                                                Бейбіт Ашкенов.
 
Шат өзені

Көктем келсе бар маңайды үркітіп,
Өткел бермей аласұрып, сең бұзып,
Тасығанмен асып кетпей, жататын
Жаз басталса әр жерінен үзіліп.

 Міен осындай біздің жақтың өзені,
Тасуынан қайтуы тез келеді.
Ой-шұңқырға тұнып қалған сулары,
Алажазғы балалардың ермегі.

Әжім-өзен ол да сәні жерімнің,
Тартылса да жоғалтпаған өз ізін,
Құшағына аунатқан соң көктемді,
Тұманданып арнасынан шөгетін.

Жете алмаса жетем деген жеріне,
Жетеді ол өз-өзінің түбіне...
Көлге қарай асығады өзендер
Жаңбыр болып даласына келуге.
    Бейбіт Ашкенов

Сандық тас

           Ауылымыздың  бел-белесін қырын, тауын теңіз деңгейінен бйік тұрған тасын ерінбей шарлаған жан халықымызды алыс заманалардан бері жалғасқан шежіресін оқығандай боламыз. Ғасырлар құпиясының куәгеріндей, Үміткер ауылының, оң түстік шығыс жағында
   «Топай» жеріндегі ұрпақтарға аңыз болған әсем, көрікті «Сандық тас» орналасқан. Күндік жерден қақырая көрінген, айшықталған кешене, дөңкиіп - дөңкиіп жатқан тас алыстан көз тартады.

Сандық тас
Қуалап көлеңкесін күн айналған,
«Сандық тас» асыл затым түсіп қалған.
Жерімнің асты-үсті байлық болса,
«Сандық тас» бір байлығым белде тұрған.
Әсемдік жан байлығы көз тойдырған,
Тас сандық-сыр сандығы ой тұндырған.
Көреген аталарым сұлулықты,
Жерінің тасынан да көріп қойған!
                        Бейбіт Ашкенов 

Ұмсынтүскен бұлағы

    
 
Нұғманқызы Ұмсын
(1921-1974)
 
Армансыз жан болмайды. Мынау жарық жалғанға сапарлап келген әрбір жұмыр басты пенде артымда із қалар деп ойлаған ба?. Үміткер ауылының шығыс жағында 5-6 шақырым жерде шежірелі «Ұмсынтүскен»  бұлағы бар. Сонау сұрапыл 1940-41 жылдары осы жерге Ұлы Отан соғысының ардагері І топтағы мүгедек Бердалинов Жақия атамыз алғаш келін түсірген. Ол кезде атамыз бозбала жас жігіт екен. Алланың берген ерекше сыйы, тамаша қасиеті ғой. Келіннің аты Ұмсын. Міне бүгінде әжеміздің алғаш келін болып түскен жері Ұмсын түскен  бұлағы аталып келеді. Атамыз бен әжеміздің ұрпақтары бүгінде осы ауылдың тұрғындары.
(Ел аузынан)
Ұмсынтүскен бұлағы
Басына келін келіп, келін түскен,
Бұлақтан ырым қылып қыздар ішкен.
Жасауы еріп келген кең жайлауы,
Құруға оны талай уақыт кеткен.

Қазақтың атаусыз жоқ мекені де,
Ат қойған жері түгіл, желіне де.
Мал емес, дүние емес - мырза қазақ,
Атап берген бұлағын келініне.

Көшпелі заман бүгін көшкен, кеткен,
Бұлақ жатыр келіндей жаңа түскен.
Әлі де ұсынады мөлдір, таза суын,
Кешегі өткен Ұмсын Апа пейілімен.

Топай
     Үміткер ауылының оңтүстігінде Топай орманды, тасты, таулы жері орналасқан. Аңызға сүйенсек, қазақ-жоңғар шайқасы кезінде жоңғар қонтайшысының атының топайы сынығандықтан бұл жер Топай атанған. 
Шөбі шүйгін,
Жері жайлы малыңа,
«Топайды» тек жайылым деп ойлама!
Бұл далада қалмақ жортып жоғалған,
Бұл далада оқ жонылып қорқауға.

Терлігінен тердің исі кетпеген,
Ермен бірге елдің жүгін көтерген,
Бұл далада сәйгүліктер жер тарпып,
Бұл далада қылыш, найза кезелген.

Уақыт емдеп заманның жон арқасын,
Мәңгілікке жапқан «Топай» жарасын.
Бұл далада ерлер өткен белгісіз,
Бұл далада кегі қайтқан қазақтың.
                 Бейбіт Ашкенов 

Бұл жерді Үш тарау деп атайды Топайдан Шаңтимеске дейін созылып жатқан орманды, сайлы жер.
Үштарау
Арала табиғатты жүрексінбей,
«Үштарау» ұзын-ұзын көшелердей.
Қамалған самал желі алаңқайда,
Шөптері жарыстырып жүгірткендей.
Ұшқан құс,
Жортқан аңдар пана тапқан,
Ағашы қазағымдай азқ қалған.
Өзгенің орманына көзін салмай,
Өзінің тоғайынан қызық қаққан.
                                 Бейбіт Ашкенов

Түйетас

Ертеректе көшіп келген керуен,
Тастап кеткен бір түйесін ермеген.
Жата-жата тұра алмай жануар,
«Түйетас» деп аталыпты сол кезден.

Талай бала өрмелеген қомына,
Тақымдарын жыртқызса да жонына.
Қарап тұрсаң жай ғана бір жатқан тас,
Ой қосады адамдардың ойына.

Заманының ере алмай көшіне,
Жалғыз түйе шөккен ауыл шетіне,
Бір жақсысы түкірігін шашпайды,
Бір жаманы қоса алмайсың бәйгеге.

 Бейбіт Ашкенов


Алғашқы елді мекендердің бірі Қызылтұмсық Үміткерден 
Батысқа қарай үш шақырымдай жерде.

Топайда орналасқан Үңгіртас, ел ішінде Темірғалы үңгірі деп аталады.

Қызылтау жайлы аңыз

         Үміткердің шығысында Қызылтау таулары орналасқан. Ақжар ауылын кесіп өтетін өзен Үшқұйылыс аталатын жердегі бөгетке құяды. Бөгеттің оңтүстік-шығысында Сарытау орын алады. Таудың бөгет жағындағы белдеуі Бабас руынан шыққан Иманбай деген кісінің атымен «Иманбай жартасы» деп аталып кеткен. Оның ұрпақтары күні бүгінге дейін осы облыста өмір сүруде. Қызылтауда Әділ-Бармақ  деген жер бар. Онда адам белінен келетін  белгісіз жазуларымен балбалытас бар. Қызылтау бұрында Бабас руының Аймағанбеттің жері болған. Меккеге қажылық еткен дала белдеуіндегі байлардың бірі болған. Бұл жерлер мал шаруашылығына ыңғайсыз болғандықтан, Аймағанбет Сұңқария жеріне көшкен болатын. Рубасыларының шешімімен Көкдомбақтан осы жерлерге өздерін Мұхаммед пайғамбардың ұрпақтары санайтын бірнеше қожалар жер аударған болатын. Қызылтаудың шығыс белдеуі Өтен Баян руларының жері саналған.   
Бұқар жырау ауданы - Қарағанды облысының ірі аудандарының бірі болып табылады. Оның тарихы - ол қазақ даласы мен оның халқының тарихы. Аудан тарихы ұлы адамдардың атымен жарық, олар өз өмірлерін қазақтардың бірігуіне және ұлттық мемлекеттің нығаюуына арнаған. Олардың алғашқыларының бірі Бұқар жырау.
Аудан аумағының жартысын Павлодар уезінің Аккелін болысы алған, олардың негізгі тұрғындары Сүйіндік руының қазақтары. Олар Семізбұғы, Тасшоқы, Айдарлы, Жалдыбау, Ақшоқы, Шалқар, Үшқатын, Ақбиік, Ақбел, Қушоқы, Ботақара жерлерін жайлаған. 1928ж болыстар жойылып, аудандар мен округтар болды.
Орталық Қазақстан бұрынғы халықтардың тұру жерлерінің негізгі ауданы болып табылады, олар мал бағумен қатар рудаларды әзірлеумен айналысқан. Жез эпохасының ескерткіштері, біздің эраға дейінгі екінші мыңжылдықпен мерзімделетін Бұқар жырау ауданының далаларында кезігеді. Оқымыстылармен олар андрондық мәдениетттің Нұра кезеңіне бөлінген. Нұра даласында сол уақыттың айқын және қалыптық кешендері табылған- жерлеу жайлары.
 Археологиялық табыстар көрсеткендей Орталық Қазақстаннның алғашқы тұрғындары көшпенді рулар болған, оларға оқымыстылар андрондықтардың атын берген. Олар қараңғылық пен түнді жоғалтатын, от пен күнге табынған. Оларға жез заттарды соғып жасайтын, жез рудаларының алынуы мен ерту амалдары мәлім болған. Қоғамдық құрылымға байланысты тайпалар патриархальды-тектік құрылу кезеңінде болған. Көп жүз жылдықтардан кейін аймақтар қазақ арғын руы орналасқан.
Бұқар жырау ауданының намысы Сарыарқа даласында туған мыңдаған тұрғындар, олар өлкенің тарихы мен дамуында өз іздерін қалдырған. Бұқар жырау, Мәнжі батыр, Қазыбек би, Бекайдар би, Доскей ақын, Көшен ақын, Ғ.Мұстафин, С.Назарбаева - «Бөбек» балалар қорының президенті, Т.Ахметбеков, А.Жанғожин, Г.Хамзина, Г.Тергеубекова - Қазақстанның өнер академиясының оқытушысы, В.Крохмаль - спорт шеберіне кандидат, найза лақтырудан КазССР чемпионы, халықаралық марафондардың жеңімпазы, журналист, ауданның атақты құрметті адамдарының бірі.

                                         
Нұр   бұлақ 
                 
         Егер аңыздарға зер салсақ  өткен
ғасырларда ауылымыздың
Солтүстік Шығысында
Нұр - атты өте бай

                                                             адам өмір сүрген деседі. Кең байтақ жерінің
өзіндік ерекшелігімен талай руды қайран қалдырған Нұр бай суы тұщы, оты мол
ең алдымен төрт түлік малға қолайлы жерін жанындай қорғаған.  
«Әсіресе талы мен шілігі, ағашы, күлтене біткен тұщы суы табиғатымыздың реңін келтіріп,
 .көрер көді қуантардай» - болған екен

Қаныш Сәтбаев хақында  Ел аузынан

Сәдуақас пен Имантай

Бұл екеуі де Баянауылды мекендеген қалың Қаржас руының Анай деген табынан тарайды. Соның ішінде Сәдуақас Мырзағұл атасынан, бабасы Шорман, әкесі Мұса да қарадан хан болып, патша заманында Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтандығына сайланған адамдар. Осындай текті тұқымнан шыққан Сәдуақас та жасынан өнерпаз, ән – күйге әуес, ептеген ақындығы да бар, сегіз қырлы, бір сырлы сал – сері жігіт екен. Жасы ұлғайғанда ел оны «Сәкен ағай» деп құрметтеген. Ол қайда барса да жанына өзі тәрізді өнерлі жандарды ертіп жүретін көрінеді. Сонда жолдастарына үнемі «Мені төресі бар үйге түсірмеңдер» деп ескертіп отырыпты.
Ал Имантай да осал жерден емес. Анайда Жәдігердің мыңғырған мал біткен Сәтбайдың баласы, тең атаның ұлы. Осы округтегі Ақкелін болысында аулы аралас, қойы қоралас жатқан екі әулеттің балалары жас күнінен бір бірімен тату болып өседі. Әсіресе, қатар құрбы, замандас Сәдуақас пен Имантайдың арасынан қыл өтпепті.
Бірде екі дос ел аралап жүріп Қуандық ішінде кие дарып, қасиет қонған Әлімшайқы дейтін кісінің үйіне түседі. Жас меймандарының жай – жапсарына қаныққан ақсақал оларды қойын сойып, қол қусырып күтіп алады. Балбыраған ет, сапырулы сары қымыз, мол дастарқан басында әңгіме – дүкен қызып жүре береді.
Сол сәт сырттан кірген үш – төрт жасар ер бала қолына ұстаған кір қожалақ екі бауырсағын дастарқанға атып жібергенде, олары Сәдуақастың алдындағы қымыз толы шараға топ ете қалады. Задында тәкаппар, кірпияз мінезді Сәдуақас Имантайға жалт қарап, «мен саған төресі жоқ үйге түсір дегенім қайда?!» дейді ғой.
Сасып қалған серіге «Қайтадан төре?» десімен, ол тағы да «Мына бала төре емей, кім?!» деп, шараяғын қымыз құйып отырған келіншекке «Маған басқа ыдысқа жаңалап құйып беріңізші» деп, қайтадан ұсынады.
Имантай болса, оны орта жолдан өз шарасына қотарып алып, екі бауырсақты асап жеп, қымызын ішіп қояды. Мұның бәрін Әлімшайқы байқап отырады.
Ас желініп, бата қайырылып, қонақтары аттанар сәтте оларды тоқтатқан Әлекең қарт «Әй, Сәдуақас шырағым – ай, сәби періште емес пе еді? Сол ұсынған бақты басқа тепкендей болдың – ау... Енді саған бітейін деп тұрған шекесі торсықтай екі ұл мына Имантайға бұйырады. Әумин!» депті.
Айтқанындай – ақ, осы әулие қарияның батасы қабыл болып, болжамы да дәл келеді. Алғашқы қосағы қайтыс болған Имантай Сәдуақастың ағасы Жәржанның жесірі Әлиманды алып, одан Бөкеш пен Қаныш атты екі ұл көреді. Соның бірі әлемге әйгілі ғұлама ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаев та, оның туған ағасы, қазақтың алғашқы зиялыларының бірі болған Бөкеш 1937 жылдың құрбаны болып кеткен. Ол туралы Қанағаңның өзі «Бөкештің қабілет – қарымы менен әлдеқайда артық еді» деп айтып отырады екен әр кезде

 Сәдуақас мырзаның жалғыз ұлы Мақсұт жастай шетінеп, өмірден ұрпақсыз өтіпті деседі үлкендер

Қаныш пен Жібіш

Кезінде, яғни 1914 – 1919 жылдар аралығында Қаныш Сәтбаев, Мұқтар Әуезов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жүсіпбек Аймауытов, Әлкей Марғұлан  - бәрі Семей қаласындағы мұғалімдер семинариясында бірге, тіпті бір үйде жатып оқыған дейді. Осы оқыған жастар, Ленинградқа оқуға кететін Әлкейден басқасы, бірден жаңадан құрылған Кеңес өкіметінің жұмысына араласады. Бұл кезде Мұқтар мен Жүсіпбек Семей губерниялық атқару комитетінде жауапты қызметтерге орналасып, Сұлтанмахмұт Баянауылда Ақбеттау болыстық ревкомы төрағасы, Қаныш Қызылтау болысында Қызыл отаудың халық соты болып істейді.
Аталған Қызылтау болысының халқын негізінен Сүйіндік ішіндегі Күлік руы құрайды да, оның бұрыннан ел билеп қалған би – болыстары мен бай – шонжарлары жиырмадағы жас сотты көзге де ілмей, ырық бермейді. Шаруасы өрге баспағанына әбден ызаланған албырт Қаныш солардың арасынан Ережептің Жібіші деген ең беделді байды екі солдат жіберіп, айдатып алғызады.
Оны алып келген соң, кәріне мінген Қанекең «Көзіңді құртам! Қолыңа кісен салып, он жылға итжеккенге айдатамын!» деп, столды тоқпақтап, зіркілдейді – ай келіп.
Қорқып, үрейленгені сол, Жібіш бай мұртынан күліп, «Рахмет, айналайын!» дей беретін көрінеді.
Одан сайын ашуланған Қаныш «Рахметің не?! Мен сені он жылға жер аударайын деп отырсам...» деп сұрайды одан.
Сонда Жібіш бай аспай – саспай «Қаныш қарағым, саған рахмет айтпағанда, не дейін. Кешегі көзім көрген Сәтбайдың немересі, Имантайдың баласы емесің бе... Соңына бағып, бір аяғы жерде, бір аяғы көрде тұрған менің 80 жасыма тағы да 10 жыл қосып бергеңіне алғыстан басқа айтарым бар ма?!» дегенде, Қаныш жылап жібере жаздап, сылқ етіп отыра кетеді. Сол күні Жібіш байды да босатып, мөр қағаздарын, сот жұмысын түгелдей тапсырып, кетеді де қалады. Одан әрі Ресейдегі Томск қаласына барып, сондағы политехникалық оқуға түсуі басталады.
Кейіннен Қаныш ағамыз осы оқиғаны жиі есіне алып, «Сондағы Жібіш байдың айтқан сөздері етімнен өтіп, сүйегіме бір – ақ жетті ғой. Әйтпесе, кім біледі, әрі қарай оқуымды жалғастырып, ғалым болар – болмасымды...» деп отырады екен

Ержан Имашев     

Аймағамбет қажы Кенжалыұлы
 (1838-1925)       
Туып-өскен жерлері қазіргі Бұқар  жырау ауданындағы
Қызылтау, Керегетас, Шымылдықжал өңірлері. 1870-72
Аймағамбет қажы
жылдары «Меккеге жол тартпақпын, Аллаға құлшылық айтпақпан, Қасиетті жерде боп, Кәусардан  дәм татпақпын» - деп, қажылыққа барып қайтқан. Ақсақалдардың айтуынша, Аймағамбет  қажы көп сөйлемейтін, ойындағысын нық айтатын, қиындыққа мойымайтын, тиянақты, дегеніне жететін сыйлы жан болған. «Байлық пен кедейлік, жақсылық пен жамандық, қызық пен қайғы егіз, дүние өткінші. Адамның жарық дүниедегі ғұмыры шолақ, осы уақыт үзіндісін саналы да салиқалы, сапалы да құнды өткізу, өлмес із қалдырып, адамзаттың болашағына сәуле-шуақ төгу абзал. Бізге керегі Алланың мейірімі, мұсылмандық жол, адал еңбектің жемісі» - дейді екен. Ел арасына жиі шығып, шариғат айтып, мейірімділік шуағын төгіп жүретін Аймағамбет қажы кең пейілділігі, сабырлылығы, жоғары адамгершілік қасиеттерімен Арқа еліне танымал болған. 87 жасында дүниеден өтіп, Шымылдықжалда жерленген, Самарқаннан көк түсті құлпытас әкелініп, басына қойылған. 1926 жылы үлкен ас берілген. Керней селосында мешіт ашылып, Аймағамбет қажы есімі берілген.
Жыржыс қажы Арпынқожаұлы (1845-1929) – арғы тегі қурайшиттерден шығады. Нақты сақталған шежіреге сүйенгенде Мұхаммед пайғамбар Хашым баласы Әбділ Мүтәліптің бір баласы  Абдуллаһтан туса, екінші баласы Әбу Тәліптен Жыржыс қажының және Қожа Ахмет Иасауидың аталары тарайды. Жыржыс қажы 1845 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданы,  Көкдомбақ елді мекенінде дүниеге келген. Қасиетті Түркістан төңірегіндегі Қарнақ медресесінде білім алып, имандылық жолмен Аллаһқа сыйынып, Мекке – Мәдинаға барып, қажылық парызын өтегеннен кейін, қазіргі Бұқар жырау ауданының Ақжар елді мекеніне жақын жерден мешіт салдырған. Сол мешіт жанынан Үшсала деп аталатын тау бөктеріне медресе ашып, бала оқытып, имандылық рухын таратқан, ағартушылықты аянбай жүргізген. Бойына қонған киелі қасиетімен болашақты болжап, ел – жұртын қауіптен сақтай білген. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Жыржыс қажыға қауіп төнеді. Баянауылдан екі шабарман келіп, алып кетпекші болады. Сонда қажы атамыз Аллаға сиынып, маған онда баруға жол түспей тұр екен деген. Өз жерімнен кетпеймін деген тілегін Алла қабыл алып, үйден ұзап шықпай аттан түсіп, жан тапсырған көрінеді. Сүйегін сол мешіт салған жерге қойған. Жыржыс қажының ұрпақтары ел ішінде көптеп саналады. Солардың бірі Ғазали қожа деген ұлынан туған немересі Ғазалиев Мәулен (1919 - 1988) Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі болған. 2000 жылы Жыржыс қажыға ұрпақтары Ақжар ауылында ас беріп, бейітінің басына ескерткіш тас орнатқан болатын. Бұдан кейін аудан орталығы – Ботақара кентінде 2002 жылы 5 қарашада жаңа мешіт ашылып, оған қажы есімі берілген – ді.
      
      Алабастағы арпалыс.
  1916 жылғы Ұлт – азаттық қозғалыс бүкіл Қазақ елін қамтыды, біздің төңірек те бұл оқиғаны бастарынан кешірді. 
Бұл жер қазіргі  әкімшілік  аймақтық бөлініс реті бойынша Баянауыл ауданының  Қ. Сәтбаев атындағы кеңшар аумағында. Бұрын ол Баянауыл округінің  Ақкелін болысына қараған. Одан басқа Далба, Ақбеттау, Баянауыл, Шідерті болыстарына жатқан елдің көптеген ауылдары әлі де түп орнынан қозғалмай, Бұқар жырау ауданының біраз мекендерін қамтып отыр. Және көтерілістің басшысы Төсжанның Ыдырысы оның жасағының Көбенұлы Түлкібай, Байқоныстың Майбасы, Боқай сияқты жүзбасылары Қыздарбек, Ахмет тағы басқа жауынгерлері Сақау жылқышы осы өңірлерден. Бұл адамдардың есімдері С. Шариповтың 1936  жылы жазылған «Алабас» дейтін тарихи очерктен жақсы мәлім. Онда тарихи оқиғалар еш қоспасыз жазылған, адам  аттары жер-cу атаулары қаз-қалпында баяндалғандай. Мәселен очеркте босқан елдің шұбыратын Шаттың сайы Үлгі жерінде. Демек Алабас көтерілісінің Бұқар жырау ауданына тікелей қатысы бар. Осы көтерілістің біраз сырын кезінде Бабаев ауылының тұрғыны ұстаз Хисамиден Ысқақов 1966 жылы көтерілістің    50 жылдығы  туралы облыс теледидарынан әңгімелеп берген. журналист Жәнібек Музафаров марқұм «Ағаш үйдегі атыс» деген хабар түсірген.
   Бұл көтеріліс тарихқа Павлодар көтерілісі болып енген. Ол туралы «Қазақстандағы 1916 жылғы көтеріліс» атты жинақта  / 1947 жыл 9-10 бб / «әр жерде топтасып, ұйымдаса бастаған кедейлер байлардан ат, киім, азық - түлікті тартып алды. Шорман ауылына шабуыл жасап бірнеше үйір жылқысын айдап кетті» деген. Көтерілісшілер 21 қыркүйектен – 3-шi қарашаға дейін соғысты. Олар Ақмола, көтерілісшілерімен бірігіп Екібастұз зауытын басып алуға ұмтылды. Бірақ қарулы жазалау отрядының тегеурініне төтеп бере алмады»  делінген.
   Патшаның маусым жарлығы жарық көрісімен Баянаула дуанына қараған сегіз болыс Сүйіндік, Қаржас елі де қатты дүрлігіп, сойыл- шоқпарларын алып Алабас маңында Тасжанұлы Ыдырыстың айналасына топтасты. Білетіндердің айтуына қарағанда, ол жұртты соңынан ерте алатындай бетті, өжет жігіт еді. Көпбайдың Түлкібайы, Айдарбектің Құсайыны, Қыздарбек әулеттері  де осы ауылда өсіп өнген.
Алабас төңірегіне жиналғандардың саны күннен-күнге  көбейе береді. Ыдырыс молдаларға хат жазғызып Қарқаралыдағы қалың елге де шапқыншы жібереді. 21 қыркүйекте Садуақас ауылына Павлодар уезі бастығының орынбасары, коллегиялық кеңесші В. Аркадьевпен прапорщик Шукреев бастаған мылтықты, пулеметті  елу казак сау ете түседі.
    Алғашқы айқас ертеңінде Алабас адырында өтеді. Көтерілісшілердің шолғыншы тобы жазалаушыларды соңдарына ертіп қалың жасаққа алып келеді. Олардың қулығын сезіп қалған Аркадьев екі ортадағы тас молаға бұрын жетіп, бекініп алып, беріспей қояды. Қараңғы түсе олар Садуақас қорасына жылыстайды. Онда тағы 30 атты  қазақ келіп қалған екен. Ыдырыс енді жігіттерді екіге бөліп қораны жан-жығынан қоршауға алып тиіп-қашып тиісумен болады. Алты күндей осылай бір-бірін аңдысумен өтеді.
    29 қыркүйекте ереуілшілер алдарына көп жылқы салып, қиқулап үркітіп, отрядқа қарай лап қояды. Қазақтарда да оқты аямай жаудырып, үріккен мал кейін серпіледі, сол күні мақсаттары орындалмайды. Көтерілісшілерден тоғыз адам оққа ұшып, 40-50-дей жараланып 30 шақтысы тұтқынға түседі. Асқарұлы Ештай сол жолы қолынан жарақат алған.  Аркадьев тұтқындағыларды бетке ұстайды. Көтерілісшілер шабуылдайын десе тұтқындарды атып тастамақ. Бар жоғы 130 адамға мыңнан астам көтерілісші еш қайран қыла алмайды.
     Жазалаушы отряд бастығы неткенмен күш тең еместігін түсініп,  аярлыққа көшеді. Жігіттерді соғысқа 
емес, Қанды Қарасудағы зауытқа жұмысқа жібереміз деп үгіт жүргізеді. Шаруа баққан елге бұл үлкен әсер етіп, Аркадьевтің майда тілі  астарлы саясаты дегеніне жетеді. Тасжанның Ыдырысы бастаған 47 адам  Аркадьевтің  қолына келіп беріліп, жігіттер елдеріне тарайды. Уезд  бастығының орынбасары көтеріліс жетекшілерін  өздерімен бірге  алып кетіп түрмеге салады. Қамалған-дардың ішінде  Бабай қажы да бар екен. Азаматтарды әуелі Қандықарасуға, сосын Павлодар, Омбыдан  әрі герман соғысына аттандырды.  Түрмедегі 47 адам енді атылады дегенде патша тақтан құлады деген хабар келеді.
    Бұл көтеріліске Жандай Усманов, Жақия Жанғожиннің қатысқанын да ел біледі. Оның туыстарының  ішінде Жандай 16 жылғы   «призывқа» қатысып, Рига түбінде окоп қазған. Өзі момын, жуас, сауаты шамалы болғанымен, бұрынғының қиссаларын  жатқа айтатын өте зерек адам болған. Үміткерліктерден 8 адам тыл жұмыстарына жіберіледі: олар Біләлұлы Құсбек, Жүнісұлы Құсайын, Омар ұлдары Салық, Сыздық, Көштайұлы Жәнібек, Шошым ұлдары Шеризат, Зүбәйілдә.
  1926 жылғы халық санағы, дерегі бойынша Қазақстанда тіркелген жеті жүз сексен мың сырттан  келушілер, ел халқының он үш пайызын  құраса, орыс тұрғындарының жалпы саны  2 млн, яғни ел халқының отыз бес пайызынан асты.
Aркадьев тұтқындағыларды бетке ұстайды. Көтерілісшілер шабуылдайын десе тұтқындарды атып тастамақ. Бар жоғы 130 адамға мыңнан астам көтерілісші еш қайран қыла алмайды.
     Жазалаушы отряд бастығы неткенмен күш тең еместігін түсініп,  аярлыққа көшеді. Жігіттерді соғысқа емес, Қанды Қарасудағы зауытқа жұмысқа жібереміз деп үгіт жүргізеді. Шаруа баққан елге бұл үлкен әсер етіп, Аркадьевтің майда тілі  астарлы саясаты дегеніне жетеді. Тасжанның Ыдырысы бастаған 47 адам  Аркадьевтің  қолына келіп беріліп, жігіттер елдеріне тарайды. Уезд  бастығының орынбасары көтеріліс жетекшілерін  өздерімен бірге  алып кетіп түрмеге салады. Қамалған-дардың ішінде  Бабай қажы да бар екен. Азаматтарды әуелі Қандықарасуға, сосын Павлодар, Омбыдан  әрі герман соғысына аттандырды.  Түрмедегі 47 адам енді атылады дегенде патша тақтан құлады деген хабар келеді.
   Сонымен орыс-қазақ пен көшіп келген орыс переселендері патша билігінің  отарлау саясатының негізгі тіреуі болды. Жер иесі жергілікті байырғы тұрғындарға  переселендерді қарсы қою сияқты отарлық билік  тәсілі кейбір орыс адамдарын азғырды. Бұл саясат ақпан төңкерісінен кейін келген уақытша өкімет уақытында да жалғасын тауып, шовинистік пиғылдар тіпті өрши түсті.
   1926 жылғы халық санағы, дерегі бойынша тіркелген жеті жүз сексен мың сырттан келушілер, ел халқының он үш пайызын құраса, орыс тұрғындарының жалпы саны  2 млн яғни халықтың отыз бес пайызын құрады.


Аскарұлы Ешмағамбет
                  Аскаров Ешмағанбет 
         (1893-1980)
       1916 жылғы Алабас көтерілісіне қатысқан, ұрыс кезінде қолынан
 жарақат алған. Шежірені жақсы білетін, ұтқыр шешен сөйлейтін өз
 замандастарының арасында беделді адам болған. Колхоз құрылысына  белсене араласып түрлі қара жұмыстарды атқарады.  


Мақсұтхан Тирмизиұлы Ақыштың кітабынан үзінді.

ТҮЛКІБАЙ МЕН ҚОЙЛЫБАЙ

Шежіреге қысқаша үңіліп өтейін. Қазақта мынандай қанатты сөз бар: «Бай болсаң Бапақтай бол, Азнабай Сапақтай бол». Бұл сөздің төркіні өте тереңде жатса керек. Бапақтай асқан бай болу, төрт түлігі сай болу, көргені толған ай болу көрінген адамның маңдайына жазылмаған дүние шығар. Мұндай болмыс, мұндай байлық, мұндай бесаспаптық мәрмәр ойлы да, қажырлы кісінің ғана алақанына қонатын «бақыт құсы». Сонымен, қысқаша шежіренің кезегі келіп жетті: Бапақ – Байсары – Тұрғынбай. Тұрғынбайдан: Көпбай, Әйміш, Сәти. Көпбайдан: Түлкібай. Әйміштен: Ырымжан. Сәтиден: Рамазан. Әнипа Ырымжанның әйелі Төлеубек бидің апасы. Қай кезде де адамдар арасында бір түйір жер үшін егес, күрес, тартыс болып тұрғаны айдан анық, ақиқат. Тұғырлы татулық түйткілін, жер мәселесін ойластырып, Бапақ әулетін қазіргі «Сәти» деп аталатын төңірекке Шорман би орналастырған. Кезінде Байсары мен Тұрғынбай старшын шенінде, ал Төлеубек би дәрежесінде ғұмыр кешкен.
Молдежный ауданында, осы уақытқа дейін «Түлкібай бұлағы» бар. Бірде көршісі Түлкібайға былай дегені бар: «Торыала бие жан атаулыны өзінің маңына жолатпайды, ол ешбір жылқышыға ұстатпайды». Бір күні сол бие үшті-күйлі, із-түзсіз жоғалып кетеді. Иесі жыл бойына іздеп, бие ізіне түсе алмайды. Кешқұрым, сөз арасында Түлкібай: «Құрдас, есіңде ме қыс уағында шеке мен телшікті сүйсініп жегенің? Сол асарлы ас өзіңнің ала биеңнің етінен дайындалған болатын. Бұл қылықты амалды сен беталды сөйлемесін, сөздің байбына жетіп, ой толғамына түсіріп айтсын деп жасадым. Енді сен менің жылқыларымының ішінен таңдап жүріп құлынды биемді ал», - дейді. Осы қылықтан кейін, Түлкібайдың құдайы көршісі, әр уақытта да байқап, ойланып барып, толғанып тұрып байыппен сөйлеу керектігін ұғынып, ғұмыры бойына, сөз қасиетін тереңірек түсініп жүруге тырысып баққан екен.

Ақындық жемісі піскен бағындамын,
Ақсақалдық асқартауы шағындамын.
Ата-жау шайқаста атой салғандай,
Зарлы заман қыңырына бағынбадым.

Бақытым – бойыма өлең дарығаны,
Бай қолын ашып, жарлы жарығаны.
Жан қиналғаны ерім мұз жастанып,
Арқаның сары аязы бетін қарығаны.

Дариға дүние ақ ниеті кең еді,
Ата-бабалар аруағы сан жебеді.
Жүнісбек, Рамазан, Түлкібай –
Тау-тұлпарлары тулаған ер еді.

Тағыдыр қосты кісілердің тәуірін,
Тыңдап тұрамын тау мен тас үнін.
Қыздарым күйші, ұлдарым батыр,
Өткізді жыр-дастанымен әр күнін.

Бұлбұл әуен естілген әр сөзден,
Әсем саздың салтанаты шашылды.
Құлпырып кетемін сол кезден,
Іздегендей жер-жаһаннан асылды.

Саңқылдап аққу сөйлеген,
Айна айдынды көлге асығам.
Жанымды әні көмкерген,
Тау-тоған тәрізді тасығам.

Сол жалған күндерді санаған,
Қиялардан қиялдарға қараған.
Туған жер көркіңе тамсанып,
Сөйлейлеуге мен бір жараған.

Сараптап салтанатты сөз дегенді,
Дөп айтыпсың, қазағым, көздегенді.
«Жеті өлшеп, бір кесетін» мінезді,
Құдайым берген біздерге көз дегенді.

Қарқындап өтіп кетті ме,
Қаһармандардың сол бір дәуірі?
Әз ата-аналардан ұрпаққа,
Дарыр ма екен сезімнің тәуірі?

Гәккулетіп әуендетер әншім дайын,
Сол айдынға түскенде келбеті айдың.
Қуандым көргенімде «Ақбелді» сайын,
Қимылын келтіре билегенде ақ қайың.

Аспан, ғалам, шексіз ғарышта,
Жердегі өзара жаяу жарыста,
Қандай қиындыққа кезіксең де,
Тіршілікті азаптауға барыспа!

Тарихтан титімдей білеміз,
Көкірегімізге ғибратын ілеміз.
Ата-бабалардан біз естісек,
Ұрпаққа, сөз жалғап жүреміз.

Ойымды мына менің құпташы,
Ру-руға мың бөлінуің – жұт басы.
Өмірден арпалыспен өтсек те,
Қара жер, ер даңқын жұтпашы.

Ескерусіз қалмайды таң-тамаша ер ісі,
Құрмет тақтасынан табылар зерлі кісі.
Қорымда салауат айтатын құлыптас,
Ескіден тағылым алудың қазақы белгісі.

Көкжиегі жарқырайды Сарыарқаның,
Жеріміз шұрайлы, айналамыз мол шабын.
Өзен тарауында, бақташы қарауында,
Жайылған жылқыларың табын-табын.

Жылқы деген қазақтың қанаты,
Батырларда болады екен күш аты.
Тарихтың қақ төрінен төгілген,
Бабалардан бізге жетті көп хаты.

Батыр бабаларым бармысың,
Жер үшін намыс жігерін қайраған?
Баталы бабаларым бармысың,
Елі үшін даналық дәрісін сайраған?

Анадан қаһарман туады халқым деп,
Жері мен елін дұшпаннан қорғайтын.
Атадан ақылман туады Отаным деп,
Пыраққа мініп биіктен биік самғайтын.

Нар тұлға, еңсегей ер еді,
Жылқышы батыр атанған.
Ақылы мен күші тең еді,
Жауының бетін қайтарған

Әз халқының жадында қалған,
Келелі киесімен көрінеді Түлкібай.
Жау найзасынан  қалқан болған,
Ақыл-ойына білегіндегі күші сай.

Жарасқан сауыт-қару, ат-тұрманың,
Айтқан сөз екі етпедің тапсырғанын.
Сөзі өткір, бетті батыр, ел қорғаны,
Көрдік, жауын, майыра қапсырғанын.

Ізіңмен жүріп тағылым дәмін таттық,
Елге сіңірген еңбегіңе сүйсініп жаттық.
Туып-өскен жер сізді есіне қайта алып,
Той-тойлап, әр нысананы кезек аттық.

Көп тарих көз алдымнан сырғанайды,
Түнде көрдім биікте қалықтаған айды.
Кешегі өткен Түлкібай мен Қойлыбай,
Күн көтеріле байқадым, түпсіз сайды.

Түнейтін жерлері сайын далада қос еді,
Түлкібай мен Қойлыбай үзеңгілес дос еді.
Талай шақырымдарды артқа тастаған,
Таңсәрідегі аттардың шылбыры бос еді.

Бірінші мал қазақта жылқы,
Айласын асырған аң ішінде түлкі.
Бірінші қас адамзатта ұйқы,
Ұзын жолда кісіге дос емес күлкі.

Басылмай батырлықтың зор әсері әлі,
Кезіп келемін Сарыарқаның даласын әлі.
Қиядан өте бере ат-жануар арқырады,
Ер тұлғасы жанар тау боп жарқырады.

Қуғыншылар легін жолынан адастырған,
Жеткенін тобықтан ұрып шатастырған.
Тілге шешен топтың ортасына түскенде,
Түлкібай мен Қойлыбай сөз жарыстырған.

Білесіздер ме өзі, сіздер, үлкен аға,
Бармаңыздар дегенді бір барымтаға.
Егер барсаңыздар жүз барымтаға,
Жолын ашасыздар мың қарымтаға.

Қазақтың кең даласы,
Сен атажұрт панасы.
Сол жерде өніп-өсті,
Ақылман, нар данасы.

ЖҮНІСБЕК ПЕН ҚЫСҚАШ


Жүнісбек батыр
(1889 – 1990)



Өтті ғасыр, өтті жылдар қарамай,
Солды терек, солды емен, қарағай.
Азаматтың парыз-жүгі ақталмас,
Көтермесек өткендерді даралай.
Ж.Т. Асқартегі

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демейме қазақта? Жақсылардың ел-жұртына жасаған жақсылықтарын айтайын, олардың нұр-сәулелі жүздері жарқырап, аброй-даңқы тасысын!
 Батыр батырлығын жасайды, жаужүрек тұлға болғандықтан. Қорқақ қорқақтығын жасайды, сужүрек тайқыма болғандықтан. Батыр – халықтың қорғаны, адамның арланы. Қорқақ-елдің соры, адамның қоры. Ел-жұрты үшін туған батырларымызды бағалайық, құрметтейік, оларды еш уақытта да ұмытпайық. Қорқақ болып туғандардан Алла сақтасын. Тарлан тарихты алдай алмайсың, әр кезде де ақиқат қуаты адасқанды жеңіп шығады. Мұны білетін сәт боларма ма екен? Қандастар ішінен қысыр қызғаныш, аяқтан шалу, артқа тарту тәрізді жағымсыз қасиеттер оқтын-оқтын бой көрсетіп қалатыны бар. Қазақтың бірін-бірі көре алмаушылығының тыйылатын күндері келе ме? Ата-бабаларымыз үш жүздің басын қалай қосып ұстаған? Татулыққа, бірлікке жеткізу де, жету де өз алдына бір адамның ерлігі іспетті. Бұл күндері екі қазақты татуластырып, бастарын біріктіре алмайтын жағдай, өкінішке орай, қылаңын беріп қалады. Қырық ру бір қазақ болғандықтан татулықта, бірлікте өмір кешейік, ағайын! Өмір біреу, өкініш төртеу. Бес күндік мына дүниеде игі істерді ғана атқарайық. Батырды батыр дейік, қорқақты қорқақ дейік. Жікке, руға бөлінбейік. Қалай ойласақ та, қалай сөйлесекте те, бұл жарық дүниеде жақсы адамдар да, жаман адамдар да бар. Жақсы адам ел мен елді жарастырады. Мұндай елге бір Алланың жазуымен, рақымымен бақыт құсы келіп қонады. Жаман адам ел мен елді араздастырады. Бұл елдер бір Алланың кәріне, қайғы-қасіретке шұрайды. Рушылдықтан, қазақшылдықтан биігірек көтеріліп, адамдық, адамзаттық жоғарғы деңгейге ұмтылайық. Бүкіл әлем алдында бір қазақ, нар қазақ, дана қазақ болайық, құрметті қандастар! Қара жерге көмілген асыл тас түсін де, нарқын да еш уақытта жоғалтпайды, жайнаған үстіне жайнай түседі, жарқыраған үстіне жарқырай береді. Асылды қара күйемен бояп татасаң да, ол қайрадан нұрланып көзге көрінеді. Батырдан айбындық желі еседі, ал ақыннан жүрек сәулесі төгіледі. Асылды қараңғы жерге мың жылға көміп тастасаң да, түптің-түбінде жарыққа жарқырап шығады. Қазақ жерінің асты кенге қандай бай болса, жер үстіндегі адамдары да адамгершіліктің асыл қасиеттерінен кенде емес. Асыл қасиет иелеріне сай жерімізде, елімізде ерте дәуірлерде болып өткен, тарихи оқиғаларды, еш ұмытпай жадымызда ұстау, есімізде сақтау абзал. Сондай асыл қасиет иесінің бірі, Керней ауылының байырғы тұрғыны, Егеубай Бек ұлы. Егеубай атадан атаға жалғасып келе жатқан сәлем хатты зерде қоймасына нығыздап дестелеген, білімдар азаматтардың бірі. Астарлап сөйлеудің де, мақтамен союдың да сәйгүлігі, қара халық ортасынан шыққан тарихи дерек-дәйектердің қайнар көзі.
2011 жыл. 24 мамыр. Керней ауылы. Сағат 12. Егеубайдың үйі. Егеубай осы төңіректегі ата тарихын, ел тарихын, жалпы қазақ тарихын жақсы біледі. Қазақы иірімді, шынайы әңгімелеудің сәйгүлігі. Атадан атаға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан ауызша тарихты тарқатудың шебері, тасқа таңба қойғандай қылып тартымды мәтіндейді. 
Осы уақытқа дейін ел-жұрттың аузынан түспей жүрген батырлардың бірі Жүнісбек.  Алынторы руынан тарайтын Жүнісбектің төрт атасы мына кісілер: Айту, Шындәулет, Кемел, Байділда. Жүнісбек пен Бек бір ата-анадан туған, ағалы інілі. Жүнісбек батыр 1888 жылы туып, 1990 жылы 102 жасында Алғабас ауылында дүниеден қайтқан. Жүнісбектің өз кіндігінен ұрпақ жоқ. Бектен екі ұл: Данышпан, Егеубай. Данышпаннан Дастан. Егеубайдан Рүстем. Егеубай Жүнісбек батырдың бауырында өскен, оның бел баласы есебінде.
Керней ауылына таяу жердегі кіші Топайда Жүнісбек Байділдаұлы дүниеге келген. Үш мың шамасында қойлары, ондаған сиырлары, үйір-үйір жылқылары бар Байділда ол заманының ауқатты адамдарының бірі болған. Байділда Жүнісбектітің бетінен қақпай, ерке ұл қылып өсірген, ол ойын баласы болып ер жеткен. Жүнісбектің бойының ұзындығы 2 метр шамасында, кең иықты, қақпақтай жауырынды, білек еттері зілді балғадай жұмыр болған.
Жүнісбек қазақы жыр-дастандарды тыңдағанды ұнатқан. Той-томалақтарда, астарда, Қоянды жәрмеңкесінде балуан түскен, көкпар тартқан, ат бәйгілеріне қатынасқан. Ат деген батырдың қанаты ғой! Атты сонау жерден таныған, оның алар белес-биігін білген. Жүнісбектің айырықша айтуға тұрарлық үш аты болған:
1.                                                                                                                              Кіші торы – алдыңғы аяқтары аяңдаса артқы аяқтары жорғалайды, ал алдыңғы аяқтары жорғаласа, артқы аяқтары аяңдайды, үстіндегі кісіні олай-бұлай теңселтпейді. Аттың үстінде келе жатып толық тостаған қымызды еш алаңсыз іше беруге әбден болады.
2.                                                                                                                              Үлкен торы – дұшпанды көрсе осқырынған, досты көрсе жуасыған, өте сезімтал жылқы. Бос, байлаусыз, еркін жүрген. Жүнісбектен өзге жанды жанына жолатпаған. Жауды өңгерерде аяқтарын бүгіп, Жүнісбектің ыңғайына қарай келе берген. Алыс жолға арындамаған.
3.                                                                                                                              Шегір көз шұбар, тас бүйрек тұлпар. Тас бүйрегі қатыңқы болғанда – шабан жүрісті, тас бүйрегі босағанда – пырақ қанатты. Бабында жүгіргенде бәйге жүлдесін бермеген. Бұйра бүйректері қызып, толығымен тынысы ашылғанда, созыла, керіле, көсіле шапқанда құйысқанын үзіп жіберетін болған. Шапқан сайын жылдамдығын үдете түскен. Мәре сызығынан соң прақты атты тежеп тоқтату қиынға соққан.
1932 жылы аталарымыз Омбыға көшіп барған. Омбы қаласында «Қаржас ауылы» бар. Не шықса да өзіміздің қазақтан шығады. Сондай бір қазақ ел-жұртқа қоқан-лоқы көрсетіп, кәдүмгі, өзі білетін қазақтарға маза бермейді. Бірде Омбыға Қажымұқан келіп, халыққа өнер көрсетеді. Қажымұқанға ел жаңағы бұзақы қазақты көрсетеді. Қажымұқан дайын арбаны нұсқап: «Мынаған он адам мініңдер, ал сен сотқар, мықты болсаң менің мойыныма мін» дейді. Арбаға отыз шақты адам мінеді. Жетектегі Қажымұқанның мойынына әлгі еңгезердей адам отырады. Қажымұқан мойнындағы малғұнның екі балтырының үстінен асыра, қос жетекке қыл шылбырды байлатып, арбаны сүйрей жөнеледі. Сотқардың балтырларына қыл шылбыр батып, ойбайға басып, жан даусын шығарады, қан-қақсап бақырады. Балуан мойнындағы малғұнды екі қолымен көтеріп алып, анадай жерге лақтырып жіберіп: «Сенен де зор адамның барын біліп жүр. Көрінгенге күшіңді көрсете берме. Олар да адам екенін ұмытпа. Күш емес, адамгершілік қасиет жоғары тұрсын», -деген екен.
Кейінірек әлгі бұзақы Жүнісбектің үйіне келіп, ағаш кесіп алу үшін балта сұрайды. Бұл үйде ұстара жүзді қайралған 3-4 балта іргеге сүйеулі тұратын көрінеді. Жүнісбек сотқарға: «Ала ғой» дейді. Ай жоқ, қой жоқ, сотқар балтаның біреуін ала салып, Жүнісбекке тұра ұмтылады. Оның екі қолын жаралап, иық етін шауып жіберіп, сотқар үй есігін сыртынан күршектеп, тарс жауып кетеді. Әрең дегенде есікті ашып, тәлтіректеп далаға шығады да, Жүнісбек қансырап, құлап түседі. Кейін елден барғандар жиылып: «Сотқардан кек аламыз» деп оның үйінің алдына жиналады. Сонда Жүнісбек: «Оған тиіспеңдер, ел мен ел арасы ашылады. Не шықса да қазақтың өз ішінен шығады. Өзіміз кейінірек есептесе жатамыз», - дейді. Бұл 1932 жылы болған оқиға.
. Жүнісбек батырға еріп, орыс қыспағына қарсылық көрсетуге жұрт шыға қоймаған. Дегенмен де, батылдық көрсетіп, кернейліктердің малын Жүнісбек, Кәбіш, Қасым т.б. қайрадан айдай жөнелген. Қуғыншыларды Жүнісбек батыр сойылымен бір-ақ ұрып құлата берген. Бұдан кейін орыстар қарулы әскер шақыртқан. Келген 9 казакты Жүнісбек батыр ұрып жығып, оларды тырдай жалаңаш шешіндіріп, үлкен торы аттың бауырына алып, Кернейдің ең ұзын көшесімен мал сияқты, қамшысымен қақпайлап, айдап өткен. Орыстарға Жүнісбек: «қазақтарға тисуді қойыңдар!» деп бұйырған. Жасырын түрде орыстар Ақбелдегі дәу Полтаранинге: «Жүнісбекті өлтірсең біз саған екі ат, пар өгіз және соқа береміз» депті. Алып орыс қос саусағымен адамның маңдайынан бір шертіп жіберсе, ол кісі өліп қалады екен. Полтаранин уәделі күні Керней ауылындағы дүкенге келіп, Жүнісбекті орындықта күтіп отырады. Есікті ашып бір адам дүкенге кіреді. Дүкенші Полтаранинге ымдап, Жүнісбек батырды нұсқайды. «Мынауың Жүнісбек пе?» деп менсінбеген кейіп танытып, дөрекі дауыс көтереді. Дүкеші «Сол» деп ишрат білдіреді. Полтаранин Жүнісбекке: «Сен батырсың ғой? Сені саусағыммен емес жұдырығыммен маңдайыңнан ұрайын. Қазақ заңы бойынша бірінші кезекті маған бер. Шартқа келіссең мына орындыққа отыр», - дейді. Жүнісбек орындыққа отырғаннан кейін, Полтаранин теке басындай жұдырығымен оның маңдайынан ұрады. Соққының қатты болғаны соншама, Жүнісбек есеңгірегенін білдірмеуге тырысып, зорға дегенде орындықтан әупірімдеп тұрады. Дәу орыстың мықтылығында гәп жоқ, ерен қара күш иесі екен. Жүнісбек Полтаранинге: «Ал енді сен сол қолыңмен желкеңді баса отыр. Мен оң қол жұдырығыммен жүрек тұсыңнан ұрамын», - дейді. Уәденің аты уәде. Полтараниде шара жоқ. Келіседі. Жүнісбек Полтараниннің жүрек тұсынан ұрады. Полтаранин орындық-морындығымен анадай жерге, ес-түссіз ұшып түседі. Сұлап жатқан Полтаранинді дүкендегілер жабыла жүріп далаға алып шығарып, әрең дегенде оның есін жиғызады. «Полтаранин жатқан жерінен тұрды деген соң» Жүнісбек батыр сыртқа шығады.
Үлкен торы ат тізерлеп, төмендей қалады. Жүнісбек Полтаранинді үлкен торы ертоқымының алдына өңгеріп алып, Белағашқа қарай шаба жөнеледі. Мұның бәрін қызықтап көріп тұрған ел-жұрт аң-таң болысып, бір-біріне қарасды. Белағаш қырына Полтаранинді шығарып, құйрығын жалаңаштап, жеті өрім қамшысымен орыстың майлы жерінен үш тартып, «Алғабас қайдасың?», - деп үйіне қарай бірақ тартады. Полтараниннің жан айғайына байланысты, кейін бұл төбе «Айғай төбе» атанып кетті. Бұдан кейін «Жүнісбек» деген сөзді естіген орыстардың бойын үрей күш-қуаты билейтін болған. Жүнісбек Керней ауылының көшесінен тұлпарымен жүріп өткенде, далада тірі пенде болмайтын, қатын-бала, ер жеткендер, кемпір-шал, барлығы да, үйді-үйлеріне тығылатын. Қазақтарды мазалау осы оқиғадан кейін ғана тыйылған. Соңында Жүнісбек батыр мен Полтаранин батыр үзеңгілес дос болып кетіпті, бірін-бірі қатты сыйлапты. Полтаранин батырдың ұрпақтары осы уақытта да бар. Батырдың шыбын жаны, үзеңгілес батырдың шыбын жанында болса керек!?
Аласапран заманда, ақ қашып, қызыл қуған, немесе, қызыл қашып, ақ қуған уақыттарда ақ-боз атты, атақты Қысқаш батыр Жүнісбектің үйіне түседі. Қысқаш батыр үнемі бес қаруын асынып жүретін көрінеді. Кіреберіс дәлізге қару-жарақтарын қалдырып, үйге сәлем беріп, төрге жайғаса кетіпті. Үйде отырғандар: «Батыр аға, үйге қару-жарақсыз кірдіңіз ғой. Мұныңыз қалай?», - деп сұрайды. Сонда Қысқаш батыр: «Жүнісбектей ерен батырдың үйінде отырған адам қорқсын ба?», - деп қолыма-қол жауап қайырыпты. Батыр батырды алыстан таниды. Нағыз батыр нағыз батырға сенеді.
«Жүнісбек батыр Аймағамбет қажыны, Дос Қырбасұлын, Жыржыс қажыны, Мәнжі Күржікейұлын, Жаяу Мұсаны, Мәшһүр Жүсіпті, Иманжүсіпті, Балуан Шолақты, Мәдиді, Қажымұқанды, Сәкен Сейфуллинді тағы да басқа атқа қонар адамдарды біліп қана қоймай дастархандас, дәмдес болған», - дейді, Жүнісбек батыр сынды әкесін сағыныш сезімімен есіне ала отырып, Егеубай. Қазақстанның қай түпкіріне барсам дағы, ата тегімді айтқанда, Жүнісбектің баласы екенімді айтқанда, «Жүнісбек батыр! Жүнісбек батырды білеміз. Жүнісбектей батырдан туған бала осал болмайды. Батырдың тұяғы, жоғарлат, төр сенікі, жата қонып, қонақ бол», - деп мәйек болып, құшақ жая қарсы алып, қадірменді мейманы қылады, ел-жұрт. «Жақсы әке балаға қырық жыл азық» деген данылық сөз осы екен ғой!

РАМАЗАН МЕН СҮГІРӘЛІ


Рамазан батыр 111 жаста
Қазақ – Қалмақ соғысынан қалған бір үзік сыр... Ботақара – қазақ батыры. Шешенқара – қалмақтың батыр қызы. Ботақара батырдың Шешенқара батырға деген пәк махаббаты ел-жұрт көзіне түскен. Осы батырлар есімдерімен Бұқар жырау ауданындағы Ботақара және Шешенқара шоқылары аталған. Ботақара батыр Шешенқараға ғашық болған қалмақтың бас батырының қанжарлы қолынан қапыда қаза тапқан.
Халық сөзі


Рамазан батыр 83 жасында үш ай бойына үшті-күйлі жоғалып кеткен. Бір күні, 20-30 қылқұйрықты Ұлытаудың жылқы жасырар сайынан тауып, ел-жұртты таңқалдырып, Алғабас ауылына айдап келген. Батыр бабамыз 90 жасқа келгенінше, жаз айларында 20-30-ғы жігіттерді жекпе-жек қазақша күреске шақырып, оп-оңай оң жамбасына алып, олардың қос жауырынына жер искеткен. Қысы-жазы киімді жеңіл киген. Қыс бойына қар күреген. Қыста «Қарасудың» мұзын ойып, қақаған аязда да оның суына түскен. Аязды боран күндері адасып, сайын далада қалып қойып, саусақтары үсіп, түсіп қалған. Бес қарулы барымташыларға есе жібермеген. Елден ұрланып кеткен жылқыларды иесілеріне қайырып отырған. Сойыл мен шоқпарды оңды-солды әдіс-айлаларымен, еркін сермеген. Өмірінде бірде-бір адам бұл кісіні атынан түсіре алмаған. Қарсыластарын шоқпарымен жіліншіктен бір-ақ рет қағып түсірген. Тістерін аршамен тазалаған.  Дүниеден өткенінше бір де бір тісі түспеген. Денесін тік, сұңғақ ұстаған. Рухы мен намысын уысынан шығармаған. Намазын еш уақытта қаза қылмаған. Оразаны жеті күн артығымен ұстаған. Ташпиғын қолынан тастамаған. Әділетті, такаппар, халыққа сыйлы тұлға болған. Үш-ақ күн ауырып, 111 жасында дүниеден озған.
Шорман мырзаның жылқышылары тақымы мықты, сайдың тасындай, айла-әдісті, алпамсадай алып жігіттерден таңдап алынатын. Бірде Шорманның жылқышылары «Біздерден тірі пенде еш уақытта да жылқы ала амайды» деп, мақтаныш пікірлерін айтып қалады. Бұл сөз Рамазан батырдың да құлағына жетеді. Рамазан батыр көк тұлпарын ерттеп, сын жолына қамданады. Уақытты көп созбай, Шорман бидің қалың жалқысына келеді. Көк тұлпарына еңкейе жабысып, қалың жылқы ішіне жасырын түрде, жайлап кіреді. Жылқы үйірлерін сүзе қарап, тұяқ алыстарын бағамдап, келісті үйірлерді қалың жылқыдан бөле қақпайлап, оларды жымын білдірмей, еппен айдайды. Бұл әректті бақташылар кешігіңкіреп көреді. Айдаудағы жылқылар ұзай түседі. Біраз уақыт өткен соң қуғыншылар Рамазан батырдың ізін кеседі. Рамазан батыр қуғыншыларды тізелерінен шоқпарымен бір-бір қағып, олардың барлығын аттарынан түсіріп, үйір-үйір жылқыларды жайбарақат айдап, кете барады. Бұл сонау Қаракөлден бергі Қандыкөлге дейінгі ұзақ арақашықтық. Осынау адам баласы сенгісіз оқиғаны естіген Шорман мазасызданады. «Елдің көзі төртеу, құлағы алтау. Ұрыны тауып, ауылға шақырып әкеліңдер», деп шабармандарына бұйырады. Рамазан батыр Шорманның шақыруын құп алып, би ауылына келіп түседі. Шорман мырза Рамазанның алдына үйеме астау ет пен дәу тегене қымыз қойғызып, қадірменді қонақ қылады. Рамазан батырдың ет алуына, қымыз ішуіне таңырқай қарап: «Үйір-үйір жылқыны сіңіретіндей екен, сары қымызды сіміретіндей екен. Батыр болса асты болсын! Дана болса басты болсын! Даналық ойы болса, сұңғақ бойы болса, алмайтын жерден де алып кетеді екен», - деген екен. Иығына шапан жауып, басына бөрік кигізіп, астына ат мінгізіп, Шорман мырза Рамазан батырды асқан ыждахаттылықпен еліне шығарып салады. Рамазанның өр рухтылығы мен ер жүректілігіне, бет әлпеті мен дене бітіміне, Шорман мырза қайран қалады. «Батыр болса, Рамазандай батыр болсын. Елімізге тиген жауды да менің мықты-мықты ерлерім тәрізді допша домалатары хаһ!», - деп Рамазан атамызға Шорман би өте жоғары баға берген екен.
  
Алтынторы руынан шыққан жеті әулие:
1.    Қазақтың көмекей Әулиесі – Бұқар жырау. Алтынторы руынан шыққан қазақ халқының көрнекті өкілдерінің бірі Бұқар жырау Қалқаман ұлы туралы ел санасында мынандай деректер сақталған. Бұқар бала кезінде көп жылға дейін сақау болып жүріпті. Бір күні Қалқаман батыр көрші ауылға тойға баруға қамданып жатқанда, «мен де барайын», - деп жанына Бұқар келеді. Қалқаман баласына: «бармай-ақ қой», - дейді. Көпшілік: «Қалқаманның сақауын қараңдар»,-деген сыңай көрсетер деп ойлайды ол. Бұқарға Қалқаман батыр: «Одан да малыңды бағып, жайыңмен жүре бер»,-депті. Содан, бір күні Бұқар малдың соңында жүре-жүре әбден шаршап, бір бұтаның түбіне жантайып, сол бойда ұйықтап кетіпті. Ұйықтап жатқанда ол мынандай түс көреді: қос жанарынан мейірімділік шапағы төгілген, иман жүзді, ақ сақалды, ақ ниетті, ақ пейілді, ақ тілекті, сұңғақ бойлы, ақ сәлделі, ақ шапанды, оң қолында ташпиқ, сөздерінен даналықтың дәні төгілген,  ақбоз ат мінген аққұба шал келіп, су жорғасынан жерге жайлап түсіпті де: «Оян балам, аузыңды аш!»,-депті. Сол сәтте, балауса баланың аузына «періште киіптегі шал» түкіріп жіберіпті. Сол-ақ екен, сақау балаға тіл бітіп, жатқан жерінен атып тұрып, көмейі бүлк-бүлк етіп, кеудесі аузына тығылып, зарлы заманның әуені бойын билеп, қанат біткендей болып, құс тәрізді күйге түсіп, ауылға қарай «ұша» жөнеліпті. Мұны байқап қалған кейуана: «Бұқар сөйледі! Бұқар сөйледі! Бұқар сөйледі, сөйлегенде өлеңдетіп сөйледі!»,-деп кең далаға жар салып, мазасы кетіп, ерсілі-қарсылы тағатсызданып жүрген Қалқаман батырға келіп, ат-шапан сүйінші сұрапты. Қалқаман батырдың қуанышы қойнына сыймай, таңасып тұрған тұлпарды, күмістелген ер-тұрманы, қару-жарағымен қоса-қабат, ақ кимешекті анаға сыйға тартыпты. Қалқаман батыр Бұқардың қолынан жетектеп, аяқтарын жай басып,  ақ шаңыраққа қарай беттерін түзепті. Осы уақыттан бастап, Бұқар жыраудың жүрегіне бақыт құсы қонып, бойына Әулиелік қасиет дарыпты дейді, көпті көрген көнекөз қариялар.

Абылай жиырма жасында хан болып ақ киізге көтерілген соң, Бұқар жырауды өзінің бас ақылшы дәрежесіне көтеріп, оң жағынан орын ұсыныпты. Абылайхан ылғида, Бұқаржыраудың ақыл-кеңестерін тыңдап жүрген. Бұқар жырау өз пікірін батыл айтып отырған:

Әй Абылай, Абылай!
Жеті жасымда сені көріп едім.
Он үш жасымда екі көріп едім.
Үйсін түйесін баққан құл едің,
Сабалақ атпен жүр едің.
Сен жиырма жасқа келгенде,
Ақ сұңқар құс болып түледің.
Қыдыр келді қасыңа,
Бақыт қонды басыңа.

Бір күні Абылайхан Бұқаржыраудың әулиелігін сынамақ болады.
-Әй, Бұқар жырау осы Бөгенбай батыр қайда екен, білесің бе?-деп сұрапты. Сол кезде Бұқаржырау былай сөлепті:

Қаздауысты, бұл Қазыбек,
Керейден шықты Жәнібек.
Қара керей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай.
Міне, міне жаңа ғана,
Дүниеден өтті Бөгенбай!

Дәл осы сәтте Хан ордасына үш кісі кіріп келіп: «Бөгенбай қайтыс болды!»,-деп хабар келтіріпті. Мұны естігенде Абылайхан Бұқаржыраудың әулиелігіне таң-тамаша қалыпты. Осы уақиғадан бастап Бұқаржырау көмекей Әулие атанды.
Бұқаржырау тоқсан үш жасында сырқаттанып жатып, алтынторы әулеттерін жинайды.
 -Мен дүниеден көшуге бет бұрдым. Менің мұңдасым да, сырласым да Абылайхан келеді. Бірнеше жерден керме тартыңдар.
Қарауыл қырдан төңіректі көзімен бақылап отырғанда, Керегетастың күнегей тұсынан үш аттының қарасы көрінеді. Жастар жедел қимылға кірісіп, жеті жерден керме құрып, жеті-жетіден жұп құрысып, өзара арқан тартысып, тұра-тұра қалысады. Үш аттының біреуі Абылайхан екен. Абылайханның кербестісі бес бөгетті бұзып-жарып, алтыншы ала арқанды кере-мере адуындап, езуіндегі болат ауыздығын күтірлете шайнап, артқы қос аяғымен жерді тіреп, алдыңғы екі аяғымен аспанды тарпып, осқырына тулай кісінеп барып, әрең дегенде, тұлпардың төрелігін танытқандай болып, кілт тоқтай қалады.
Сонау заманның салты бойынша, төрт-бес жігіт ұжымдасып Абылайханды ат үстінен түсіріп, көк шөпке төселген ақ киізге қондырып, одан соң оны жерден тік көтеріп алады. Ақ текеметтегі Абылайханды Бұқаржыраудың киіз үйіне сол қалпы кіргізіп, қақ төрге отырғызады. Сол мезетте Бұқаржырау: «Абылайханым, келдің бе? Мал-жан, ел-жұрт есен-сау ма? Қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған заман болады. Қазақтың ұлан-байтақ жері бақ-дәлетке толады... Қайран қазағым, хан Абылайым хош бол, хош бол, хош бол!»,-деп, Ұлы қазақ халқының жарқын болашағын Аблайхандай ел азаматтарына тапсырғандай кейіп танытып, бата-өсиетін бағыштап, кешу-ғафу алысып, паң даланың көмекей жырауы, осынау жарық та кең дүниемен қимастықпен қоштасып, өмірден озған екен. Абылайхан Бұқаржыраудың денесін ақ киізге орап, Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи кесінесіне жеткізіп, сонда оны арулап жерлеу рәсімін ортаға салады. Бұл тілекті ақсақалдар алқасы құптамайды. Ру басылар өзара келісіп, киелі Далба тауының етегіне Бұқаржыраудай тау тұлғаны жерлеуді жөн көргендігін, қазақ атаулының құлағы жетер, ұшқан құстың қанаты талар, ен даладағы халыққа хабардар етіпті. Бұқаржырау өз ғұмырында қазақтың жеті ханына кеңесші-ақылшы болған.

2. Тырнақ әулие (Тырнақ ана). Артықтың тұқымы. Боз бала шағында Жидебай Ерементауға барып, Тырынақ есімді сұлу қызға ғашық болып, ақыры оны өзіне ертіп, еліне алып қайтады. Елге келгенсоң қыздың кереметтейін Әулиелік қасиеттері көзге көрінеді. Болатын түрлі уақиғаларды айна-қатесіз, дәлме-дәл болжап айтады екен.

Мұсылмандықтың үлгіс,
Имандылық пен шариғат.
Үгітімді ұқ, ұрпақтарым,
Бұзылмасын ару табиғат!

Су атасы-Сүлеймен,
Күресемін дүлеймен.
Су апатынан Алла сақтасын,
Мен тілдестім бүтін әлеммен.

Ғаламат ғасырлардан аман қалған,
Тарығып тоналғаннан, қанағаннан.
Айнала құм үйілген, бұйра таудан,
Тірілер, қашып барады талағаннан.

3. Қойман ата. Қойман ата көріпкелдік, бақсылық қасиеттерімен халыққа танымал болған, еліне әділ қазылық айтып, жұрттың құрметіне бөленген.

Қойаншық ауруын басты,
Білімділігімен елден асты.
Қойман ата зікір салғанда,
Дерт деген ағзадан қашты.

Қойман ата болды көріпкел,
Бақсылық қасиетін көрді ел.
Мәселе түйінін шешкің келсе,
Қойман ата ақылын алып кел!

Аппақ болады тап-таза қар,
Қоймандай ата қазақта бар.
Өмір сүрейік пәк жүрекпен,
Заман тумасын Әулиеге зар.

4. Жұпар ана. Жұпар ана-Бұқаржырау Қалқаманұлының қызы. Асқан ақыл-парасаттылығымен еліне үлгі-өнеге көрсетіп, болжампаздық қасиетімен халқына қадірлі болған әз ана.

Жұпардайын анам бар,
Жұпар исіті далам бар.
Бойымда қазақы санам бар,
Ел ақыл сұраған данам бар.

Хақ жаратқан құп көріп, сый еткен,
Әулиелік адам басына қонады екен.
Алланың жазуы жерге жеткен сәтте,
Аспанда бақ жұлдызы жанады екен.

Жұпардай әз анамыз Әулие болмаса,
Арқада астана боларын қайдан білді?
Бәйтерекке самұрық жұмыртқаларын,
Анамыз көріпкел болғандықтан білді!

5. Көшербай Әулие. Көшербай Әулие Шорманның ауылына жиі келіп-кетіп жүреді екен. Бір жеті бойына қатты боран соғып, Зынданың жылқысы Ертіс жаққа ығыпты. Сөз арасында айта кету керек, Зында (Шаһзында) Исаұлы (1863-1935жж.)-Шорман бидің немересі. Көп жылдар ата қонысы Ақкелінде болыс болған. Өзінің еті тірі, пысықтығы арқасында әкесі Мұсадан қалған байлықты шашып-төкпей, асқан ұқыптылықпен меңгеріп, дәулетті тұрған.  Жылқышылардан хабар болмай қойыпты. Зында ызаға булығып, мазасы кетіп, түтеген боранды түні сыртқа шыққан соң: «Көшербай Әулие қазір келіп қалар»-деп ойлайды. Мұны бұл арадан қырық шақырым қашықтықта, үйінде дем алып жатқан Көшербай Әулие сезіп қояды. Шырт ұйқыда жатқан баласына: «тез түрегел, шақырып жатыр»,-депті. Бойын үрей билеген кемпірі: «осы қараңғы түннің дүлей боранында қайда бармақсыңдар!?»,-дейді. Көшербай Әулие мен баласы қос жүрдекке жедел қонып, Зынданың ауылын бетке ұстап, желе-жорта жөнеледі. Алдарынан қызыл түлкі пайда бола кетіп, жүрер жолды жарық етіп, аттарға дұрыс бағыт көрсетіп отырады. Әкелі-бала межелі жерге насыбай атым уақытта жетіп барады да, үйдің есігінен дыбыстайды. Зында жылқышылар келген екен ғой деп есікті ашса, үй жанынан Көшербай Әулие мен оның баласын көреді. Бұл екеуіне Зынданың таңырқағаны сонша, ол қағып қойған қазық тәрізді қатып қалады. Зында өз-өзіне келісіменен: «Астапыралла, қайдан келдіңіздер?»,-депті. Көшербай Әулие: «өзің жаңа ғана мені шақырдың ғой»,-дейді. Зында Көшербай Әулиені айқара құшақтай алып: «Алтынторыдан шыққан жеті Әулие. Жансызға жан салмаса несіне Әулие?!»,-деген екен! Көшербай әулие үйрек, аққу, қасқыр кейіпіне көрінуі мүмкін.

6. Бесімбай әулие. Бесінбай Әулие Назар тұқымы. Кезінде Меккеге барып қажы атанған. Ауданның бас имамы  болған  Сұлтанғалидің атасы.

Жамағатқа сыйлады нұр сезімін,
Көктем күн шашып сәуле лебін.
Мұсылмандық әр міндетін өтеп,
Көрсетті қажылық асқақ лебізін.

Әз Назар шешіле сөйлеп еді,
Еліне жақсылықты тілеп еді.
Осы аумалы-төкпелі замнға,
Бесімбай Әулием не дер еді?

Ұжымдық еңбектің нәтижесі,
Қазаққа болар мереке дер еді.
Еліміз өнегелі ел болам десе,
Бірліктің түбі, береке дер еді.

7. Зура ана (Дуана апа). Зура (Дуана апа)-Көшербай әулиенің немересі. Көшербай атасынан әулиелік қасиет қонған, айтқан болжам сөздері айна-қатесіз дәл келіп отырған. Бойында дуаналық қасиеттері болған.

Зуылдаған осынау заман-ай,
Тоқтауды білмеген апам-ай.
Елдің ертеңін айтып кеткен,
Қайран қазақ, Зура анам-ай!

Қазақта, дуаналар болып келген,
Тылысым дүниені сезініп білген.
Жаяу жүргенде аттыға жеткізбей,
Түсіндегін айтуға жүгіріп келген!

Түсіндегі көргені Тәңір берген аян,
Мұны мен Әулиелік қасиетке саям.
Елі мен жұртын құлағыдар қылып,
Жоғарыдан кеп түскен хатты жаям.

Нияз қожа
Қазақ ортасында дін уағыздаған Қаратаудың  қожасы. Шын аты Ерсаушы. Ел айтатын аңыз бойынша қожа дүниеден өтерінде «мен дүниеден көшкенде құбыладан өгізге жегілген шана келеді, денемді ақ жауып арулап, сол шанаға салыңдар, шананың соңынан еріп отырып, өгіздер екі жерге тоқтап, үшінші жерге келіп тоқтаған жерден қабір қазындар. Сол жерден түйелі кісінің бойындай арғын таңбасы бар тас шығады. Сол тасты бас жағыма қойыңдар», - дейді.
Айтқанындай болып, арғын таңбалы тас күні бүгінге шейін сол Нияз қожа қабірінің басында тұр. Күндік жағынан түндік жағына созылған қорықтың етек жағында жалғыз адыр бар. Шөбі шүйгін шығады. Соны ерте уақытта халық Аралтөбе деп атаған екен. Бұдан кейін Аралтөбені Қожа тауы, Қожа қорығы деп атайтын болған. Сол Қожа тауының басындағы Нияз қожа қорымы бар. Жаны қалың біткен зират.

Зікірия қажы Жанбайұлы Дүйсентегі
(1864-1938)
  Қажы. Ақбел селосының Алабас бөлімшесі Бесікті тауы Ботақан өзенінің күншығыс жағы «Қажы қорасы» аталады. Зікірия қажы осы жерде дүниеге келген. Алланың ақ жолын берік ұстанып, мұсылмандық парызын өтеп, 40 жасында 2 рет Меккеге қажылық жасаған. Зікірия қажының емсектік әрі көріпкелдік қасиеті болған, сал ауруларды, бедеу әйелдерді үшкіріп дем салып, зікір салып емдейтін болған. Болар оқиғаларды алдын ала болжап және ол болжамдары үнемі дәлме – дәл келіп отырған. Көріпкел Зікірия қажының оқиғаларын халық әлі күнге дейін айтады. Дүниеден қайтарынан бір күн бұрын: «Таңертең ерте тұрыңдар» деп үйдегі жақындарын алдын ала дайындап, келесі күні таңғы астан татпастан: «Ал мені ұстаңдар»,- деп жан тәсілім етіпті. Зираты бүгінгі Құрама елді мекенінде. Ақбел селосындағы мешітке Зікірия қажы есімі берілген. Ұрпақтары сол ауылда тұрады.

https://youtu.be/aYrowIY-zPY

Ел аузынан

Кенесары ханның баласы Сыздық төре кейін арада талай жыл өткен соң, Алатауға Сарыбайды іздеп келеді.,

- Сарыеке, қасыңызға бірер адамды ертіп, мені қырғыздарға апарыңыз, әкемнің өлген жеріне құран оқып, бір бас құрбандық шалайын, - деп қолқа салады.

Сыздық сұлтанды Сарыбай би ерекше сыйлап күтеді де, қырғыздарға ертіп барады  . Қырғыз манаптары қатты әбіржіп, бұл жайға ерекше сасады. Сұлтан келіп хан атасының ескі кегін аламын десе жаугершілікпен әбден қажыған елді дүрліктіре ме деп, бар жақсылары кеңес құрады. Алыстан шолғыншы қойып, қанша қолмен, қалай келе жатыр деп, іштей білдірмей әзірленеді.

Сөйтсе Сыздық төре қасына Сарыбай биді, Жамбыл ақынды және өзінің ат ұстайтын екі сарбазымен күнгей асып, Шу өрлеп, Тоқпақтың жанында ақ шағаладай киіз үйлер тігіп күтіп отырған қырғыз ағайындарына барады. Кекілік сайы он бір жыра екен, сол жерге барып жетектеп келген ақ боз биені шалып, құран оқиды. Бүкіл қырғыз біткен тік тұрып, ыммен ғана қызмет көрсетіп, бәйек болады. Атасының қаны тамған жерге бір түнеп, ертеңіне қайтпақ болғанда, қырғыз манабы сөз бастайды:

- Сыздық төре, алты атаңнан бері хан тұқымысың, қырғыз қазақ бір туған емес пе еді. Айтуға тіл кесіліп тұр, мына бір керуен керуен түйелерді ал, үстіндегі жүгімен саған тартқан тартуымыз, оған қоса мың сәйгүлік және екі қызымызды жасауымен бермекшіміз. Бұл берер  сыйлығымыздың басы ғана деп білерсің,- деп кешірім сұрауға батпай, астындағы арғымағын ортаға тартыпты. Сонда Сыздық Сұлтан:

- Мен сендерден ештеңе сұрап келгенім жоқ. Әкемнің көзі боларлық ер тоқымын беріңдер. Ал мына арғымағыңды бауыздап, елге таратып жібер, - депті қабағын ашпай.

 Кенесарының ертоқымы рабайсыз үлкен ауыр екен, ерттеген жылқының арқасын алып түсетіндіктен , бір сиыршы өгізге ерттеп жүр екен, соны әкеп беріпті. Баяғы күміс үзеңгі, сыртқы ашамай өрнектеріп жұлып тастапты, әбден тозған ерді құшақтап, артына бөктеріп Сыздық сұлтан жөнеп беріпті.

   Алатаудың теріскейіне ауып, бір бұлақтың басына келгенде, аттан  түсіп, сыздап түнеріп келген сұлтан қасындағы серіктерін ұзатып жіберіп, ақын мен биді ғана қасына алып қалып,  қалмақбас ерді құшақтап өкіріп жылаған екен. ,,Мынау найзаның түбін  тіреп қоятын қасы, мұны төріме іліп қоямын, ұрпағымнан ұрпағыма қалсын,, деп қасын шауып алып қоржынына салады да, ерді қылышымен жармалап бөлсе, ағаштың ішіне құйма алтынды толтырып тастаған екен.

Раушан Жакешбай 

Мәнжі Күржікейұлы
(1815-1911)
 Хан Кене
    (1802-1847)
   Батыр -  Қараеке - Байбура ұрпағы, Кенесары хан бастаған ұлт - азаттық қозғалысының сарбазы. Тумысынан дарынды, соғыс өнерін жас кезінен жетік білген, айлакер де тәсілқой батыр Ақтау бекінісін алғанда ерекше ерлігімен көзге түсіп, 22 жасында жүзбасы болған. Хан әскерінде жас та болса бас батыр атанған. Оған бұл атақты халық берген. Кенесары Қасымов бастаған ұлт - азаттық қозғалысы ыдырағанша Қаратау, Сыр бойында бірге болып, бірге күрес жүргізген. Көтеріліс ыдырағаннан кейін Сарыарқаға қайта көшіп келген. Мәнжі, ойда - жок жерде сөз де тауып айтатын өткір тілді шешен адам болған.

Мәшһүр Жүсіп Көпеев
         (1858-1931)
   
   Ақын, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы.
Жасында ауыл молдасынан сабақ алып, 1870 жылы Хамереддин хазіреттің, кейін Бұқар медресесінде оқыған. 1875 жылдан ауылда мұғалім болып, «Дала уәлияты» газетінде өлеңдер, хат-хабар жазып тұрған. Жан-жақты білімдарлығына, шығармалары елге кеңінен танылуына байланысты «Мәшһүр» (арабша-даңқты, белгілі атағы жер жарған) деген қосалқы атқа ие болған. 1887-1890 жылдары Орта Азияның Самарқан, Ташкент, Бұхара, Түркістан т.б. қалаларын аралап, халықтың рухани мұрасы, тұрмыс-тіршілігімен танысады. В.В.Радловпен кездескеннен кейін қазақтың ауыз әдебиеті мұраларын жинап, жүйелеп бастырумен шұғылданған.
Бұқар Баба зираты
Хұсайыновтар баспасынан «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» (1907), «Хал-ахуал» (1907) өлең кітаптары «Сарыарқаның кімдікі екендігі» (1907) дейтін қарасөз әрі өлеңмен жазылған кітабы шыққан. «Өнерге, ғылым, білім болсаң жүйрік», «Қазақтың осы күнгі қылып жүрген жұмысы», «Жалғанда таппай бір жар, жалғыз жүрдім», «Сәлем хат», «Анама» т.б. өлеңдердің, «Шайтанның саудасы», «Бұлбұл мен қаршыға», «Аңқау адам», «Екі жас, бір кәрі», «Жарты нан хикаясы», «Гүлшат-Шеризат», «Ғибратнама», «Баяннама» т.б. дастандардың авторы. «Көрұғлы», «Ер Сайын», «Ер Көкше» т.б. дастандарды хатқа түсірген. Бұқар жырау, Үмбетей, Шернияз, Көтеш, Шөже ақыңдардың, С.Торайғыровтың өлеңдерін, жыр толғауларын ел аузынан жазып алып, қазақ фальклористері мен тарихшыларына мол материал қалдырған. Мәшһүр Жүсіп 1927 жылы Бұқар жыраудың Далба тауындағы моласын тауып, кісі бойындай қызыл тас алғызып (ол тас бүгінде сол жердегі мемориалдық кешен-мұражайында), қайыңнан қазық істеп, басына белгі қойып, сол маңда пішен шауып жүген Тінәлі ауылының жігіттеріне көрсетіп кетеді. Солардың ішінде Сарымолла мен Бахтияр Махатов деген жігіттер болған екен. Кейін олар 1952 жылы осы елдің азаматы Ш.Әмірхановқа көрсеткен. Соның негізінде 1993 жылы ауданымыздың жерінде атақты жыраудың басына кесене тұрғызылды.



Ботақара  жерінің  атауы 

Ботақара  жерінің  атауына  байланысты  мазмұны  екі  түрлі топонимикалық  аңыз бар.  Аңыздың  екі  нұсқасы  түйе, ботаға  байланысты.  Ботақараға қатысты аңыздың  үшінші  нұсқасы  Ботақара  мен  Шешенқара  төбелерін  бір   мазмұнға  ұйымдастырады. Мұнда  таудың  Бота атануы XVIII ғасырда  өмір  сүрген  Нарбота  батырдың атына  байланысты  делінеді. Халық аңызы осы. Аңыз бойынша бір күн жау, бір күн дос  болып  тұрған  жаугершілік  заман  екен,  осы  шоқылардың  арасында  қазақ  пен  қалмақтың  соғысы болады. Қазақ  жауынгерлерін  Нарбота  батыр,  қалмақ  әскерлерін Шешен  қыз басқарған – мыс. Осыған байланысты  қазақ  жауынгерлері  бекінген  жер – Ботақара, ал қалмақ  жағы тұрған  жер  Шешенқара атанған. Бір  айтушы  Еңсегей  бойлы  ер Есімханның  заманында  болған  оқиға десе, ендігі  бір  айтушылар  Салқам  Жәңгір  тұсында  болған  оқиға деседі.
Шешен мен Нарбота
Нарбота  мен  Шешеннің құрметіне  Ботақара  көліне  Өткелсіз  өзені  құяр сағада  бейіт  орнатыпты дейді. Бейіт  осы  сырды  шертіп тұр. Жылқы  қылын, ешкі  майын  қосып  илеген  бейіт  кірпіші  алыстан жылт – жылт етеді. Қарашоқы  сол  оқиғадан  бері  Ботақара аталды. Осынау  сан  ғасыр  баба  тарихының  куәсіндей  аңыз – ақиқатқа  ие Ботақара атауы нешеме  рет өзгертілді. 
Бұқар жырау  ауданы  жеріндегі  біршама  тарихи  - әлеуметтік мағынадағы  атаулар  бергі замандағы  оқиғалармен байланысты. Заманы  аса алшақ  болмағанымен,  оның  өзі  бұл  күнде  аңызға  жақын  мағынада  айтылады. Соның  бір үлгісі  Хан  сүйегі деп  аталатын  жерге  байланысты. Бұған  байланысты тарихи  әпсананың  екі  нұсқасы  бар.  Хан сүйегі  аңызының  бірінші нұсқасы  Нұра жағасында жерленген,  аты аңызға  айналған  Қансүйек  батырдың  атымен аталған.
Хан сүйегі атауының  екінші нұсқасы 1819 жылы бұл жерде орын алған  оқиға  - Орта  жүздің соңғы хандарының  бірі Бөкей хан жерленген.  XIX ғасырдағы ірі ақын Жанақ Сағындықұлы  да Хан сүйегі моласында жерленген.


Соқыр өзені атауының шығу тарихы

Бұл өзен Бұқар жырау ауданының жерімен ағып өтеді.
Ұзындығы 103 км.Үштөбе аймағына қарасты жерлер: Құрылыс, Ақжар, Заречное ауылдарының маңымен ағып өтеді. Соқыр өзені деп аталуы Соқыр батырдың есімімен байланысты деген дерек бар. Сол Соқыр батыр осы өзеннің бойында жерленген екен. (Ел аузынан)


Жалаңтөс Жансарыұлы
(1696-1768)

Бөгенбай батырдың жасағында болған батыр. Білеуті бойындағы қалмақтармен кескілескен соғыста батыл жүректілігімен көзге түседі. Шамамен, 1750 жылы қалмақтармен соғыс қазіргі Қарағанды маңайында болған. Осы соғыста  ерекше ерлік көрсетеді, бірақ көзіне оқ тиіп жаралы болса да, жауын жеңіп шығады. Қалмақ батырлары көзінің құнына қызын береді, ал жаралы болған жер Соқыр өзені аталды.

Комментариев нет:

Отправить комментарий